Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанға қатысты ЕО-дан екінші реттік санкциялар жөнінде ешқандай ресми ақпарат түспегенін мәлімдеді, хабарлайды LS.
Бұған дейін , Bloomberg агенттігі осындай қауіп жайлы мәлімдеген болатын.
Оның дерегінше, ЕО Ресейге қару-жарақ өндірісінде пайдаланылатын машиналар мен жабдықтардың қайта экспортталуына байланысты Қазақстанға қатысты "қорғаныс тетігін" енгізу мәселесін қарастыруда.
Жаңа санкциялық бастамалар алдағы апталарда талқыланбақ. Егер олар қабылданса, Қазақстанға белгілі бір техника түрлерін сатып алуға шектеу қойылуы мүмкін.
Министрліктің мәлімдеуінше, Қазақстан өз халықаралық міндеттемелерін жүйелі түрде орындап отыр және ел аумағының шектеу шараларын айналып өту үшін пайдаланылуына жол бермеу мақсатында қажетті қадамдар жасалуда.
"ЕО-дағы серіктестерімізбен біз тұрақты байланыстамыз. Бұған дейінгі келіссөздер нәтижесінде қазақстандық көмірді ресейлік порттар арқылы тасымалдау мәселесі оң шешіліп, ол шектеулер тізімінен шығарылды. Сол сияқты өзге де түйткілдерді осы бағытта шешуді жоспарлап отырмыз. Басты мақсат – сыртқы экономикалық қызметтің ашықтығын қамтамасыз ету, ұлттық мүддені қорғау және сауданың тұрақтылығын сақтау",- деп түйіндеді министрлікте.